Accessibility links

Ресей Украинаға тағы ракета жаудырды


Сәрсенбі күні таңертең Ресей Украинаны ракетамен жаппай атқылады. Украина әуе күштері басқармасының хабарлауынша, шабуыл кезінде қанатты X-101, "Искандер-М" жүйесі, бомбалаушы Ту-95МС ұшағы, дрондар қолданылған.

Харьков облысының әкімшілігі бірнеше өрт болғанын хабарлады. Соңғы мәлімет бойынша, алты адам зардап шеккен, екеуінің жағдайы ауыр деп айтылады. Облыс әкімшілігінің мәліметінше, қалаға кемінде жеті баллистикалық ракетамен соққы жасалған.

Днепропетровск облысында шабуылдың салдарынан бір адам қаза болды деп хабарлады жергілікті билік.

Киев, Днепр, Кременчук, Кривой Рог, Запорожье, Полтава және Кировоград облыстарында әуе дабылы іске қосылған.

Украина энергетика министрі Герман Галущенко энергетика инфрақұрылымына жаппай шабуыл жасалғанын хабарлады.

Украинаның жекеменшік ірі энергетикалық ДТЭК компаниясы Ресей шабуылының салдарынан жылу электр станцияларындағы жабдықтар бүлінгенін айтты. Компанияның айтуынша, соғыс басталғалы бері ДТЭК-ке қарасты жылу электр станциялары 200-ден астам рет атқыланған.

"Укрэнерго" ракета шабуылына байланысты электр энергияны тұтыну көлемін күрт шектегенін мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Путин шабуылды қасақана Рождество кезінде жасады деп мәлімдеді.

"Бұдан асқан рақымсыздық бола ма? 70-тен астам ракета, арасында баллистикалық ракеталар да бар, жүзден астам дрон соққысы. Біздің энергетиканы нысанаға алды" деп жазды ол.

Алдын ала мәлімет бойынша, Украина күштері 50-ден астам ракета мен дрондардың басым бөлігін атып құлатқан.

Бір күн бұрын Ресей әскері Кривой Рогқа ракетамен шабуыл жасаған. Төрт қабатты тұрғын үй бүлінді. Бір адам қаза болып, 15 адам зардап шекті. Төртеуінің хәлі мүшкіл.

Бұған дейін Владимир Путин украиналық күштердің Қазанға шабуылына жауап ретінде Украинаға жаппай соққы жасайтынын айтып зілденген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG