Accessibility links

Канибадамдағы қанды оқиғалар: екі адам сотталып кетті, күдікті төртеу енді ұсталды. Қылмыскер кім?


Тәжікстанның солтүстігіндегі Канибадам деген шағын қаланың аты қазір ел аузынан түспей тұр – мұнда бір жыл ішінде жеті отбасын айуандықпен өлтіріп кетті. Барлығы 23 адам мерт болды, оның сегізі – бала. Тоғыз ай өткенде Бас прокуратура қылмыстарға күдікті ретінде төрт адам – бәрі де жергілікті тұрғындар – ұсталғанын хабарлады. Бұрынырақ осы қылмыстардың кейбірін жасаған болуы мүмкін деген күдікпен ұсталып, жазаға кесілгендер болған. Бір адам өмір бойына бостандығынан айырылған.

"Қылмыс ашылды" – 21 желтоқсан күні Тәжікстанның бас прокуратурасы Канибадамның шет жағында болған жантүршігерлік қылмыстар жөнінде осылай деп хабарлады. Канибадам – Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасына жақын маңдағы Соғды облысына қарайтын шағын қала.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, төрт ер адам ұсталған, ең үлкені 36 жаста. Бас прокуратура олардың аты-жөнін, туған жылы мен күнін, тұрғылықты жерін де жариялады. Ұсталғандардың бәрі де Канибадамда және оның шеткері аудандарында тұрады.

Прокуратура іске қатысты басқа дерек жариялаған жоқ. Осы жолы ұсталған адамдардың Канибадамда наурыз айынан бері болған осыған ұқсас барлық қылмысқа қатысы бар-жоғы да белгісіз күйінде қалды.

Тоғыз ай ішінде жеті отбасының мүшелерін айуандықпен өлтіріп кеткен еді. Барлығы 23 адам мерт болды, оның сегізі – бала. Кейбір қылмыс бойынша айыптау үкімі шығып та қойған: осы қылмысты жасады деген адамдар жаза арқалап, ұзақ мерзімге түрмеде қамалды.

ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

Кейінгі уақытта Канибадам тұрғындарынан маза кетті.

"Біз қатты қорқамыз. Түнде бүкіл есікті тарс бекітіп, жарықты жағып жататын болдық", – дейді Канибадам тұрғыны Нигора.

Айтуына қарағанда, қас қарая бастағаннан қалада өлі тыныштық орнайды.

"Үйіміз орталыққа жақын маңда, әр үйде адам тұрады. Ал қайғылы оқиға негізінен қаланың шеткері аудандарында, екі-үш отбасы ғана тұрып жатқан жерде болды. Басқа тұрғындар Ресейде жұмыс іздеп кеткен, үйлері бекітулі", – деді Нигора.

Тәжікстанның Соғды облысы Канибадам қаласындағы көшелердің бірі. 2024 жылдың маусым айы.
Тәжікстанның Соғды облысы Канибадам қаласындағы көшелердің бірі. 2024 жылдың маусым айы.

Канибадамдағы қанқұйлы қылмыстың алғашқысы қала маңындағы Комил Ёрматов ауылында болды. Наурыздың 29-ына қараған түні бір үйдің бес адамын өлтіріп кетті: 65 жастағы Мұхиддин Шарифов асылып тұрған жерінен табылды, ал әйелі Мәриям, келіні Фируза, немерелері Әбубәкір мен Әзизаны тұншықтырып өлтіргені белгілі болды. Бастапқыда отағасы Мұхиддин Шарифов отбасын өлтіріп, артынан өзі асылып қалған болуы мүмкін деді. Алайда үйден ақша, алтын жоғалғаннан кейін бұл долбарды алып тастады.

Екінші қылмыс 17 сәуірге қараған түні Комил Ёрматов ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан Сайхун қышлағында болды. Жетпіс жастағы Мұзаффар Урмонов пен зайыбы Иноятты өлтіріп кетті. Бұл күдікті қолға түскен бірінші қылмыс: үш аптадан кейін билік орындары қылмысты жасаған марқұмның бауыры, 66 жастағы Шарифджон Ашуров деп хабарлады. Ашуров та, туыстары да бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Іс сотқа жетіп, 12 желтоқсан күні айыпталушы 20 жылға бостандығынан айырылды.

Алайда Канибадамдағы құпия өлім жалғаса берді. 29 мамырға қараған түні Джахонзеб қышлағында үшінші қылмыс болды. Белгісіз біреулер үш адамнан тұратын отбасын өлтіріп кетті: 38 жастағы Махбүбі Ахметова мен оның кәмелетке толмаған екі баласы – 17 жастағы Нозанин мен 14 жастағы Дамир кісі қолынан қаза тапты.

Дәл сол түні көршілес Санджидзор қышлағында төртінші қылмыс жасалды. Бұл екі елді мекеннің арасы бес шақырымдай ғана, екеуі де елдегі негізгі Канибадам – Хожант тас жолының бойында орналасқан. Қышлақтағы үйлердің бірінен 54 жастағы Зулхо Иброгимова, оның 47 жастағы бауыры Абдуфаттох пен 46 жастағы Құрбангүл өлі табылды. Үйде үш бала болған, бірақ қылмыскерлер оларға тиіспеген.

Билік осы екі қылмысты жасады деген айыппен Санджидзор қышлағындағы орта мектептің 42 жастағы күзетшісін ұстап, қараша айының аяғында ол өмір бойына түрме жазасына кесілді. Зулхо Иброхимова дәл сол мектепте директордың орынбасары болып істеген.

Соттар жүріп жатқанымен, қылмыс тоқтаған жоқ. 9 желтоқсанға қараған түні Шуркургон қышлағында (наурыздағы алғашқы қылмыс болған жерден екі шақырымдай жерде) бесінші қылмыс тіркелді. Бір үйден алты адамды өлтіріп кетті, оның төртеуі бала. Отағасы бірінші оқиғадағы сияқты ағашқа асылып тұрған күйі табылса, қалғанын тұншықтырып өлтірген. Балалардың кенжесі екі жасқа да толмаған.

Соғды облысы Канибадам ауданы Хисорак (бұрынғы Кургонча) ауылында көшеде тұрған адамдар. Тәжікстан, 17 желтоқсан, 2024 жыл.
Соғды облысы Канибадам ауданы Хисорак (бұрынғы Кургонча) ауылында көшеде тұрған адамдар. Тәжікстан, 17 желтоқсан, 2024 жыл.

15 желтоқсанда түнде алтыншы және жетінші қылмыс Хисорак (бұрынғы Кургонча) ауылында болды. Құрылыс материалдарын сататын дүкені бар, 35 жастағы Гайбулло Маджидов пен оның келіншегі, 28 жастағы Зарнигорды өлтіріп кетті. Үш қызы аман қалды. Жеті жасар үлкен қыздың айтуынша, қылмыскерлер оны да тұншықтырып өлтірмек болған, алайда қыз есінен танып қалған соң кетіп қалған. Қыз бала қара бетперде таққан, бір-бірімен жергілікті диалектіде сөйлескен екі ер адамды көргенін айтқан.

Осы ауылдағы келесі көшеде дәл сол түні анасы мен баласы – 70 жастағы Оиша Шокирова мен 44 жастағы Джавлон кісі қолынан мерт болды. Оиша ханым осы өңірге белгілі акушер-гинеколог болған.

КҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ҮНСІЗДІГІ МЕН ДОЛБАРЛАР

Істі бақылап отырғандар Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты сұрақ көп дейді. Бұрын құқық қорғау органында жұмыс істеген, аты-жөнін атамауды өтінген заңгер нақты қай қылмыстың ашылғаны және қазірге дейін сотталған адамдардың тағдыры не болатыны түсініксіз күйі қалып отыр деп санайды.

"Канибадамда бәрін қосқанда жеті отбасын өлтіріп кетті. Егер бұл сериялы адам өлтіру болса, наурыз айынан мамыр айына дейін болған үш қылмыстың екеуін жасады деп сотталған екі адам қандай дәлелге сүйеніп сотталды деген сұрақ туады. Сотталушының екінші қылмыс оқиғасына қатысы жоғына дәлелі болғанына қарамастан, оған құлақ аспай, өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасына кескен Жоғарғы соттың судьясы қандай жауапкершілікке тартылады?" – дейді заңгер.

Бұл істерге қатысты тергеудің ашықтығы мен күш құрылымдарының әрекеті туралы әлдене деу қиын. Бүгінгі "қылмыс ашылды" деген хабарламаға дейін мемлекеттік органдар бұл қылмыстар мен оған не түрткі болғаны турады жұмған аузын ашпастан отырды. Журналистер ресми құрылымдардан қандай да бір түсініктеме алуға тырысқанымен, одан түк шықпады.

Бұл тақырып жөнінде алғаш рет 8 тамыз күні өткен Ішкі істер министрлігінің жарты жылдықты қорытындылаған баспасөз мәслихатында айтылды. Министрдің орынбасары Абдурахмон Аламшозода сол сәтке дейін болған бес қылмыстың "ешқандай да құпиясы жоқ екенін, олардың көпшілігі отбасындағы кикілжің салдарынан болған қылмыс екенін" хабарлады.

Тәжікстанның Соғды облысының басшысы Раджаббой Ахмадзода
Тәжікстанның Соғды облысының басшысы Раджаббой Ахмадзода

18 желтоқсан күні, Канибадамда тағы да қылмыс тіркелгеннен кейін Соғды облысының басшысы Раджаббой Ахмадзода пікір білдірді.

"Тергеу процесі тиісті органдардың бақылауында, азаматтар қауесетке ермеуі керек, ...істі үздік тергеушілер тергеп жатыр", – деді ол.

Ішкі істер министрлігіндегі аты-жөнін жарияламауды өтінген дереккөз соңғы сәтке дейін Канибадамдағы оқиғалардың министрлікке "қатысы болмағанын" айтты.

"Соғды облысының төрағасы Канибадам тұрғындарымен кездескеннен кейін ғана ішкі істер министрі ішкі істер органының бүкіл жеке құрамын казарма режиміне көшірді де, ертесіне өкімін өзгертіп, қоластындағыларды екіге бөлді. Қызметкерлердің жартысы кабинетінде түнейді де, қалған жартысы келесі түні казармада болады", – деді ол.

Дереккөздің айтуынша, Соғды облысы милициясының қазіргі бастығы маусым айына дейін Канибадам милициясын басқарған. Сол кезеңде қалада үш отбасының өлімі тіркелген.

"Сол кезде милиция дұрыс жұмыс істегенде, қылмыс жалғаспайтын еді", – деді ІІМ-дегі дереккөз.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының Соғды облысындағы тілшісі Фарзон Мұхаммади осы оқиғаларға орай Канибадамға бірнеше рет барған. Бас прокуратура ұсталғандар туралы ақпарат жариялағанға дейін-ақ ол қылмысты бір топ істеп жүр деп болжам айтқан болатын.

"Қылмыскерлердің қаруы жоқ, бірақ өте епті және күшті. Өлтіру тәсілі де ұқсас, қаныпезерлер негізінен тұншықтырып өлтіреді, кейде отағасын ағашқа асып кетеді. Алтын мен ақшаны алады да, қылмыс орнынан тайып тұрады", – деді журналист.

Ол қылмыскерлер жақсы ұйымдасқан деген де пікір айтқан.

"Олар өлтіретін адамдарды мұқият таңдайды, мейлінше ауқатты кісілердің үйіне түседі, көбінесе қаланың шеткері жағында тұратын, көршілері жоқ үйлерді таңдайды", – деді Мұхаммади.

Десе де, Канибадам халқының мойнынан ауыр жүк түскендей болды деп те айту қиын. Қала тұрғындарының кейбірі мемлекеттік органдардың үнсіздігінен кейін "милицияға үміт артпай", өз қауіпсіздігін өз күшімен қамтамасыз етуге тырысқанын айтты.

"Ер азаматтар 6-7 адамнан бірігіп, күрек, кетпен, балғамен қаруланып, түнгі кезекке шығады. Таңертең күн шыққанда аман қалғаныма шүкір деп оянасың", – дейді Канибадам тұрғыны Нигора.

Азаттықтың Тәжік қызметінің журналисі Наргиз Хамрaбaеваның материалы.

XS
SM
MD
LG