Accessibility links

2024 жылғы қазақ киносы, ескірген құндылықтар: сынаймыз да көреміз


"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс.
"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс.

Осыдан он жыл бұрын "Қазақстанда жыл сайын жүзге жуық отандық фильм кинотеатрдан көрсетіледі, олар орыс киносын ығыстырып, Голливуд фильмдерінен бәсекелес болады" деген сөз орындалмас арман секілді көрінетін. Бірақ бүгін сол арманның орындалғанын көріп отырмыз.

2024 жылы 93 қазақстандық фильм кинотеатрларға жол тартты. Олардың 15-і мемлекеттік тапсырыспен түсірілген: "Жел тоқтаған жер", "Талақ", "Жамбыл. Жаңа дәуір", "Қажымұқан", "Соңғы үкім", "Бауырына салу", "Дала қасқыры", "Бауырлар", "Операция "Набат", "Shulamah", "Алматы, мен сені сүйемін", "Өмір жалғасады", "Махаббат сарбазы", "Анашым, мен тірімін!", "Алма мен адам". Бұлардың қатарында кассалық түсім тұрғысынан ең табысты фильм – Дархан Төлегеновтың 62,2 млн теңге жинаған "Бауырлар" драмасы.

Кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы
Кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы

Жеке компаниялардың жұмыстары қаржы жағынан әлдеқайда жемісті: бұл қатарда табысы бір миллиард теңгеден асқан кемі алты фильм бар: "Дәстүр" (1,73 млрд теңге), Заманback (1,44 млрд теңге), "Брат или брак 3" (1,3 млрд теңге), "Жездуха" (1,05 млрд теңге), "Қазақша бизнес Бразилияда" (1 млрд теңге) және "Кеттік, бәрін таста" (1 млрд). Жемқорлықпен ұсталған экс-шенеунік Қайраттың (Қ.Әділгерей) бастан кешкендері туралы "Хотя бы кинода 3" комедиясы да 952,8 млн теңгемен бір миллиард межесіне жуықтады. Жалпы алғанда, биыл отандық киноның ортақ түсімі 20 миллиард теңгеден асады деген болжам бар, демек бұл – қазақ киносы тарихындағы ең табысты жыл. Расында да, "Тикетон" сайтына назар салсақ, деректер берілген 46 аптаның 20-сында 16 қазақ фильмі бірінші орыннан түспеген.

Отандық киноөндірістің өрлеуі пандемияға дейін анық байқалып, пандемия кезінде бәсеңсігенімен, 2022 жылдан бері рекорд жаңартып келеді. Осыдан екі жыл бұрын 38 қазақстандық фильм көрсетіліп, олардың жиынтық кассалық түсімі 9,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштерде "Бизнес по-казахски в Турции" (1,19 млрд теңге), "Джохан" (856,2 млн теңге) және "Келінжан" (694,2 млн теңге) комедиялары көш бастағанымен, Нұрлан Қоянбаевтың франшизасы ғана миллиардтық межені бағындырған еді.

2023 жылы көрсетілген отандық фильмдердің саны 65-ке жетіп, кассалық түсім 15 миллиард теңгеден асты, нарықтағы қазақстандық киноның үлесі 40%-ға дейін өсті. Олардың қатарында "Таптым-ау сені" (1,83 млрд теңге), "Бизнес по-казахски в Индии" (1,28 млрд теңге) және "Хотя бы в кино 2" (1,01 млрд теңге) комедиялары бір миллиардтың межеден асса, "Міржақып. Оян, қазақ!" тарихи тақырыптағы тұңғыш кассалық фильмге айналып, 908,9 млн теңгеге билет сатты. "Маған назар аудар" (818,8 млн теңге), "Coco&Janbo" (760,7 млн теңге), "Келiнжан 2" (556,7 млн теңге) және "Байдың қызын аламын" (522 млн теңге) сияқты комедиялар да табысты фильмдер қатарына енді.

Голливудпен бәсеке

2024 жылдың деректері белгілі 46 аптасының (4 апта деректері берілмеген, соңғы екі аптанікі әлі жарияланбады) 24-інде көш бастаған Голливуд өнімдерінің қазақ фильмдерінен ерекшелігі, олардың кейбірі үш уикенд бойы біріншілікті бермей тұрды. Әдетте ("Дәстүрден" басқа) қазақ фильмі қатарынан екі аптадан аса үздік шыға бермейді. Байқалатын тағы бір негізгі тренд, қазақ фильмдері теңдесе алмай, кей апталарда тізгін берген Голливуд өнімдері қатарында көбіне ірі студиялардың франшизалары, оның ішінде анимациялық фильмдер мен бюджеті қымбат блокбастерлер ғана бар. Мысалы, "Ойжұмбақ 2", "Жексұрын мен 4" және "Моана 2", сонымен бірге "Годзилла х Конг. Жаңа империя", "Маймылдар планетасы. Жаңа патшалық", "Фуриоса: Есуас Макс сагасы", "Дэдпул мен Росомаха", "Бөтен. Ромул", "Джокер. Естен ауысқан екеу", "Гладиатор 2" сияқты фильмдер.

Қазақ кино өндірісі жағдайында жақын арада мұндай масштабтағы фильмдер түсіру мүмкіндігі неғайбыл, сондықтан Голливудтың ірі блокбастерлері Қазақстанда әлі көрсетіле беретіні анық. Алайда драма, комедия, триллер сияқты аса үлкен бюджетті талап етпейтін жанрларда қазақ фильмдері Голливудтан гөрі өтімді болып тұр.

Тағы бір байқалатын тренд, Голливуд фильмдері маусым мен тамыз, яғни жаз айларында көш бастаған, демек қазақ продюсерлеріне жаз кезінде де кассаны бермеудің стратегияларын қарастырған абзал. Бәсекеге қабілетті бола түскен қазақ кинематографиясында топ жарып шығу үшін болашақта балалар аудиториясын қызықтыратын фильмдер мен қазақ анимациясына көңіл бөлу арқылы да көрермен назары үшін таласуға болатындай.

Қызығы, осыдан он жыл бұрын Ресей фильмдері көп көрсетілсе, 2021 жылдан бері отандық киноөнімдер орыс киносын тықсырып шығарды деуге болады. Есесіне биыл бірнеше қырғызстандық фильм қазақ прокатына енді. Айталық, екі уикендте көш бастап, 1,49 млрд теңге табыс тапқан Руслан Акунның "Пейіш" драмасынан бөлек, кинотеатрларда көрсетілген Радик Эшимовтың "От" үрей фильмі, Марат Мұхамбетиминнің "Айжамал" комедиясы, Сапар Сайназаровтың "Аяшы" драмасы да бар. Сол сияқты, қазақстандық режиссер Диас Бертістің 668 млн теңге жиған "Приговор" фильмі – әлеуметтік және құқықтық теңсіздікке күйініп сот залын басып алған қырғыз оқушылары туралы қазақ-қырғыз копродукциясы.

Даралық жоқ, дәстүрлі құндылықтар бар

Қысқасын айтқанда, қазақстандық көрермен қазақ киносын сынға алады, бірақ көреді. Себебі той мен құдалық туралы ғана емес, кейінгі кезде жемқорлық та ("Хотя бы кинода", "Асыққан сағат"), күштінің дегені болған зорлықшыл мәдениет те ("Приговор", "Дәстүр"), маскулиндік пен фемининдік те ("Менің әкем тигр", "Таптым-ау сені", "Менің атым Қызболсын"), ұрпақтар арасындағы түсіністік ("Заманback"), басқа да маңызды тақырыптар көрініс таба бастады. Яғни, тақырыптық әралуандық көріне бастады, алайда бұл тақырыптар қандай құндылықтар призмасынан ұсынылады дегенде ойлануға тура келеді.

"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Фильм авторлары берген сурет.
"Менің атым Қызболсын" фильмінен көрініс. Фильм авторлары берген сурет.

Оған қоса, табысты фильмдерде даралық жоқ. Дархан Саркенов, Ернар Нұрғалиев, Әлішер Утев, Әнуар Матжанов сияқты режиссерлер бір франшизадан екіншіге өзара алмасып жүре береді. Актерлер де, таңдалатын музыка мен әндер де, бір реттік әзілге құрылатын сценарийлері де, түсіру мен монтаждау техникалары да, тіпті бояу мен суретшілік тұрғыдағы жұтаңдық та өзара ұқсас.

Комедияларда отбасы мен әулет, туған-туыс арасындағы қарым-қатынас басты мәселе болып отыр. Бір кездегі "үйлену тойы" фазасынан жартылай өтіп, қазіргі комедиялар үйленгеннен кейінгі отбасылық динамикаға зер сала бастады. Алайда, көп жағдайда дәстүрлі, тіпті бәлкім ескішіл құндылықтар тұрғысынан қарайды. Мысалы, жылдың ең табысты туындысы, Қуаныш Бейсектің "Дәстүр" үрей фильмі қоғамдағы теңсіздік, жемқорлық, ашкөздік, күштінің зорлығы, гендерлік теңсіздік сияқты түрлі тақырыптарды көтереді. Алайда ширыққан сюжеті діни мистикамен түйінделгені антиклимакс сияқты әсер қалдырды. Екі миллиардқа жуық табыс тапқанымен, "Дәстүрдің" ойлы көрермені фильмге медициналық психология тұрғысынан зайырлы көзқарас жетіспегенін атап өтті.

Бұрынғы ізашарларынан ерекшелігі, қазақ тілі басым шыққан "Қазақша бизнес Бразилияда" франшиза жалғасында Нұрлан Қоянбаев әлем елдері туралы стереотип түсініктерді таспалау арқылы табыс табуын жалғастырды. Ал мазмұны жағынан қарасақ, мұнда отбасылық бірлік туралы айтылғанымен, гендердік стереотиптер де өріп жүргенін байқауға болады. Әйелдер күйеулерінің ниетін қате түсініп, ашу үстінде шалт қадамға барады, және соңында сол қылықтары үшін өкініп қалады. Ал ер адамдар қашан да бір-бірін өлім аузынан құтқаратын батырлар мен шайпау әйелдерін кешіретін кеңпейіл жандар, әйелдер қауымы болса ақылсыз, шолақ ойлайтын, ерке және масыл болып көрсетілген. Есесіне бір жаңа тақырып, өзбек пен қазақ бауырластығы алға шығыпты.

Абдусаид Шайхисламұлының 667,4 млн теңге табыс тапқан "Ұялам, но үй алам" фильмі қағаз жүзінде ажырасу арқылы жалғызбасты ана ретінде мемлекеттен үй алмақ болған әйел (М. Оспан) туралы. Мұнда қаладағы баспана кризисі де, әлеуметтік желі арқылы блогерлерге ақша жиғызып, қайырымдылықпен үйлі болып жатқандар тақырыбы да көтеріледі. Гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбы құнсызданып, бос риторикаға айналып, ақырында әйел өз кінәсін түсініп, тәубесіне келеді.

Қызығы, бұл фильмдер кассадан табыс жинағанымен, қоғамда талқы тудырғаны сирек. Талқы тудыра алған туындылар қатарында Қуаныш Бейсектің жоғарыда аталған "Дәстүрі", Данияр Саламаттың "Талағы" мен Ернат Байұзақтың "Нурикамал" фильмдерін атауға болады. "Нурикамал" өмірде болған, көпшілікке мәлім оқиға, осы аттас әннің жазылу тарихы туралы. Қоғамда үлкен резонанс тудырғаны фильмді әйелдер аудиториясы тоқал алуды ақтау және ер мен әйелге қатысты екі түрлі стандарттарды нығайта түсу, ерді жауапсыз, әйелді құрбан позициясына шегелей түсу деп қабылдады.

Бір жылда бірнеше фильм ұсынған режиссерлер

Жоғарыда айтылғандай, идея мен қаржы көбіне жеке продсюсерлерден келеді, сондықтан да режиссерлер функционалдық қызмет атқарады. Өзіндік қолтаңбасы бар режиссерлердің өзі сападан бұрын санға көбірек мен беріп, табыс соңында жүргенін байқауға болады. Мысалы, биыл Ернар Нұрғалиевтің бірнеше фильмі үлкен экранға жол тартты. "Жездуха", "Менің әкем тигр", "Студент көке", "Еркебай" сияқты фильмдердің ешбірі оның өзіндік стилі мен ізденісін байқатпады, видеоқатары мен стилистикасы тұрғысынан басқа комедиялардан еш ерекшеленген жоқ.

Айта кетерлігі, "Менің әкем тигр" фильмінде патриархал құндылықтар мен маскулиндік насихаты туралы айтылады. Жасы 30-ды орталаған, иі жұмсақ, сыпайы Амантайға (Ж. Найзабеков) "еркек болмағаны үшін" әйелі мен қызының көңілі толмайды. Себебі несиесі төленбеген, ыстық су қосылмаған, үйдегі негізгі табыс табушы – әйелі (З.Кәрмен). Сөйтіп жүргенде ол генетикалық дертке шалдығып, қорқыныш сезімінен айығады да, батыр ғана емес, дөрекі де әдепсіз жындысүрейге айналады. Яғни, бір жағынан қазақ қоғамындағы сыпайы адамды басынғыш, дөрекі адамға иілгіш, қара күш пен айқайды ғана түсінетін ділсіздік көрсетілгенімен, екінші жағынан, режиссердің ойынша, "нағыз еркек" не "батырды" дөрекілік, әдепсіздік, орынсыз күш көрсету арқылы ғана сипаттауға болады екен. Сондай-ақ ер азаматтардан маскулиндікті талап еткені үшін патриархал жүйе мен қоғамдық нормаларды емес, Амантайдың өз үйіндегі әйелі мен бүлдіршін қызын кінәлайтыны қисынсыз.

Жылына бір емес, бірнеше комедиясы шығатын режиссерлер қатарында Дархан Саркенов те бар. Биыл оның аса табысты болмаған "Хам кофе", "НВП ағай" комедияларымен қатар "Заманback" фильмі көрсетіліп, жылдың ең табысты фильмдерінің біріне айналды. Мұнда да әйелдің мойнына мінген екі ер адам көрсетіледі: жұмыссыз алқаш күйеу (Қ.Шәкіржанов) мен жұмыссыз ұл Азат (Р.Амантай). Бірақ компьютерде ойнаудан басқа іс тындырмайтын Азат өзіне шаң жуытпайды да, әкесін кінәлаумен болады. Кенет өткен шаққа түсіп кеткен ол, 90-жылдары әкесінің басынан өткен жағдайларға куә болып, оған түсіністікпен қарай бастайды. 90-жылдарға қайтып бару арқылы әкені түсіну идеясы қызықты болғанымен, өткен шақ пен бүгінгі шақтың аражігі, әсіресе сөз, жаргон қолданысы тұрғысынан нанымды ажыратылмаған. Жалпы алғанда бұл ерлер арасындағы қарым-қатынас туралы фильм болып шыққан, әйелдер тек қосалқы рольдерде көлбеңдеп жүреді. Әдеттегідей, токсик маскулиндіктен шығатын ерлердің басындағы жағдайлар әспеттеліп, "ерлердің ісі" әйелдердікіне қарағанда маңыздырақ болып сипатталған. Ерлердің басынан ірі күйзелістер өтетіндіктен олардың барлық еркелігі кешірімді деген жаттанды ой, әйелге міндет артатын қоғамдық сана одан әрі нығая түскен.

Биыл үш бірдей комедиясы шыққан тағы бір табысты режиссер – Мақсат Оспанов. Оспановтың комедиялары таптаурын жолдармен жүрмей, қоғамдағы түрлі тақырыптарды сыни тұрғыдан пайымдауға шақыратындай. Алаяқтардың алдауына түсіп бір үйді "меншіктеген" екі отбасы туралы "Көршілер", ақша үшін адам жанын арашалау міндетін ұмытқан дәрігер туралы "Асыққан сағат" сияқты фильмдерімен қатар, 210,6 млн теңге жинаған "Менің атым Қызболсын" гендерлік теңдік тақырыбын прогрессив тұрғыда шешуге тырысқан фильм болды.

Кейінгі жылдардың ең табысты комедияларын түсіріп жүрген режиссерлердің бірі Әнуар Матжанов биыл "Брат или брак 3" пен "Таптым-ау сені 2" секілді табысты комедиялардың жалғасын ұсынды. Продюсер әрі актриса Құралай Анарбекованың білекті ағаларының ортасында өскен ерке қызға үйленген әлжуаздау Айдар туралы "Брат или брак" франшизасы бұл жолы да табысты болып, 1,39 млрд теңге жинады. Ал оның әріптесі Дариға Бадықованың "Таптым-ау сені 2" фильмі былтырғы ізашарының табысын қайталай алмаса да, шығынын толығымен өтеді. Былтырғы жылдың үздігі болған "Таптым-ау сені" отбасының жоғын жоқтаймын деп өзін құрбан қылған "әпке" архетипі туралы болса, "Таптым-ау сені 2" Сәуле (Д.Бадықова) образы арқылы "қашан кішкентайлы боласың?" деген сұрақпен жас келіннің мазасын алатын қазақы әдетті тақырып еткен. Жалпы, фильм ескішіл көзқарас тұрғысынан түсірілгенімен, қоғамдық стереотиптерді сынауға талпыныс бар.

Коммерциялық кинематограф беталысын қазақ қоғамына қарап түзеп жатқанда, белгілі режиссер Ақан Сатаев бұл үрдістен шет қалғандай. Ол биыл түсірілу жағынан өзара ұқсас, дәлірегі оқиғасы төрт қабырға ішінде, бір отбасында өтетін екі бірдей фильм ұсынды. Оның "Моя половина" драмасы мен "Әнел" үрей фильмі екеуі де кассалық хит бола алмады. Қазақ топырағынан тыс, кез келген елде өтуі мүмкін оқиғалар өтімді болмады, көркемдік, стилистикалық жағынан да бұл фильмдер авторлық көзқарас ұсынбады. Ал әлемдік нарық үшін қос туынды да тым қасаң, жаттанды. "Әнел", тіпті, не айтқысы келгенін білмейтіндей. Кейіпкердің біріне жын кірген деген тәпсірлеудің өзі күдікті ретінде әйел мен қызды ұсынады, сонысымен де қоғамдағы бар түйткіл үшін әйел затын кінәлайтын ескішіл түсінікке сай келеді.

Авторлық және идеологиялық кино

Шанхай фестивалінің бас жүлдесі бастаған бірнеше халықаралық жүлдемен қанжығасын майлаған қазақ фильмдері қатарында Данияр Саламаттың совет дәуірі орнаған тұс туралы "Талақ" фильмі, Әділхан Ержановтың әдеттегідей қара түнекпен күрескен жалғыздың мұңы жайлы "Дала қасқыры", Асхат Күчинчирековтің қазақтың бауырға салу дәстүрі туралы ойлануға шақыратын "Бауырына салу" фильмдері бар. Аштық нәубеті туралы Ардақ Әмірқұловтың "Жел тоқтаған жер" фильмінің көрермен назарына ілінбей, 1,5 млн теңге кассамен шектелгені өкінішті. Қоғамда талқыланған "Талақ" фильмімен қатар қаралуға, талқылануға тиісті, қоғамдық травмаларды емдеуге үлесі болар туынды еді.

Режиссер Данияр Саламаттың "Талақ" фильмінен скриншот.
Режиссер Данияр Саламаттың "Талақ" фильмінен скриншот.

Жандос Құсайыновтың "Жамбыл. Жаңа дәуір", Қанағат Мұстафиннің "Қажымұқан", Ерлан Нұрмұхамбетовтің "Қаныш", Дастан Атығаевтың "Соңғы үкім" биографиялық драмалары да тақырып қызықтығы, тарихи маңызы жөнінен құнды болғанымен, я жарнамасы, я формалық, сюжеттік ізденістері жеткіліксіз болды ма, былтырғы Мұрат Есжанның "Міржақып. Оян, қазақ!" драмасы көтерген межеге жете алмай, назарсыз өте шықты. Фархат Шәріповтың "А-Студио" тобы туралы "Тоқта, түн (Махаббат сарбазы)" мюзиклі де бірер жыл бұрынғы Айдын Сахаманның "Дос Мұқасан" фильмінің табысын қайталай алмағаны өкінішті.

Қорыта келгенде, кейбір өтпелі фильмдер табысты болып, формалық не танымдық тұрғыда маңызды жұмыстардың еленбей жатқаны анық. Айтарлық айырмашылық, комедиялар мен коммерциялық фильмдерді режиссерлік емес, продюсерлік, не студиялық өнім деуге келеді.

Бірақ коммерциялық кино формалық бірізділікке қарамастан, заманауи трендтер мен қазақ тұрмысы туралы айтып, көрерменнің көңілін таба алады. Оған сатылған билеттер мен бизнестің жандануы айғақ. Бұл кассалық табысқа әлеуметтік желінің ықпалы да жоғары. Желіде оқырманы көп блогер-актер-режиссер-продюсерлер қандай өнімін де өткізіп жіберетін күшке ие. Ал фестивальдік киноның айтары болғанымен, жарнамашысы мен жаршысы аз. Бүгін табысты фильмдердің көбі бір күндік құбылыс болып қалатыны өкінішті, бірақ түбінде саннан сапа туатыны, әр жердегі түсірілім алаңдарынан талантты киногерлер өсіп шығатыны, шығып жатқаны да анық.

Әсия Бағдәулетқызы

Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.

P.S. Бұл – зерттеуші Әсия Бағдәулетқызының жеке блогы. Материалдағы автордың жеке көзқарастары Азат Еуропа/ Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG