Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде Кремльдің Батысқа қарсы тұжырымдарын қайталап, сөз сөйледі.
Ресей астанасында өткен баспасөз жиынында Тасмағамбетов Батыс елдеріне қатысты "дос емес елдер" тіркесін пайдаланып, НАТО-ның Ресей мен Беларусьқа "гипотетикалық шабуылы" туралы айтты. Ол Ресейдің гипердыбыстық "Орешник" ракетасының мүмкіндігі мен оның қайта жаңарған ядролық доктринасы туралы байламдарын жеткізді.
"Ресейдің ядролық доктринасына өте ірі өзгерістер енгізілгенін жақсы білеміз. Теңдессіз гипердыбыстық қару "Орешникті" соғыс жағдайында сынауды қарсылас жақ ескермей қоймайды. Сондықтан Беларусь немесе Ресейдің батыс шекараларына басып кіру ықтималдығын гипотетикалық тұрғыдан елестетсек, бұл НАТО-ның мүлде ессіз әрекеті болар еді" дейді Тасмағамбетов.
Ресей басшысы Владимир Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде Украинаға "Орешникпен" тағы соққы жасайтынын айтып, Киевті де нысанаға алуы мүмкін екенін жеткізген. Путиннің сөзінше, бұл Ресейдің Брянск және Курск облысындағы нысандарға Батыстың алысқа ұшатын қаруымен соққы жасаған Украинаның әрекетіне жауап.
Батыс елдері "Орешникті" қолдануды Мәскеудің "қорқыту талпынысы" деп атаған. Вашингтон Батыс елдері Киевке әскери көмегін жалғастыра береді деп мәлімдеді.
Тасмағамбетов Астанадағы саммитке дейін ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің баллистикалық ракета қолданғанын ақтай сөйлеп, Мәскеу "Орешникпен" соққы жасауға мәжбүр болды деген.
4 желтоқсан күнгі баспасөз жиынында Тасмағамбетов АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігін (USAID) сынаған. Ол агенттіктің бағдарламалары ҰҚШҰ елдеріне "ақпараттық салмақ" түсіріп отыр деді.
"Дос емес елдердің ақпараттық қысымы мен шабуылдары жалпы қауіпсіздікке әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, USAID-тің ТМД елдеріне 300 миллион еуроға жуық қаражат бөлетінін айтсақ та жеткілікті (бұл ақпараттық күн тәртібін жүзеге асыруға бағытталған, бірақ ол сөз бостандығы, адам құқықтарын қамтамасыз ету деп аталады). Бұл айтарлықтай қомақты қаржы және біздің елдерге түсетін ақпараттық жүктеме өте ауыр екені анық" деді Тасмағамбетов.
Бұрын Қазақстан премьер-министрі болған, Қазақстанның бірнеше аймағына жетекшілік еткен, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі 67 жастағы Иманғали Тасмағамбетов былтыр ҰҚШҰ-ның бас хатшысы болып тағайындалған. Оның қызметінің өкілеті келесі жылдың соңында аяқталмақ.
ҰҚШҰ-ға Беларусь, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан мүше. Армения бұл ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатқан. Ереван Таулы Қарабақта Әзербайжанмен қақтығыс кезінде ҰҚШҰ Арменияға әскери көмек бермегенін алға тартқан. Тасмағамбетов Ереванның ҰҚШҰ-ға қатыспауы әскери одақтың жұмысына әсер етпейді деп санайды.