Оңтүстік Корея президентіне елден кетуге тыйым салынды. Бұл туралы "Ренхап" агенттігі хабарлады.
Мұндай шешімді Оңтүстік Кореяның әділет министрлігі қабылдаған. Оған жоғары лауазымды адамдар арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасының басшысы жүгінген.
Басқарманың бас прокуроры тергеушілерге Оңтүстік Кореяда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қозғалған бүлік туралы іс бойынша президенттің елден кетуіне тыйым салуға қол жеткізуді тапсырғанын айтты. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель "мемлекетке опасыздық жасады" және "билікті асыра пайдаланды" деп айыпталып жатыр.
3 желтоқсанда Юн Сок Ель "Солтүстік Корея жақтастарымен күресу үшін" елде әскери жағдай жариялаған. Бас-аяғы алты сағатқа созылған режим елдегі саяси партиялар қызметіне, наразылық пен ереуіл өткізуге тыйым салып, цензура енгізген еді. Бұдан соң Сеул көшелерінде, парламентте наразылық өтті. Депутаттар президент шешімін жоюды қолдап дауыс берді. Осыдан кейін Юн Сок Ель заң талабын орындап, өзі шығарған жарлықтың күшін жоюға мәжбүр болды. Бұл жағдайдан соң елдің қорғаныс министрі Ким Ен Хен қызметінен кетті.
Оңтүстік Корея парламенті 7 желтоқсанда президентке импичмент жариялау мәселесін көтерді, бірақ биліктегі "Халық күші" партиясының депутаттары дауыс беруге бойкот жариялауына байланысты импичмент бойынша құжат қабылданбады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алты сағаттан аспаған әскери режим тәртібі. Оңтүстік Кореяда не болды?