Қашыр мінген келіншек
Арбен Хоти
Албанияның солтүстік-батысында, Косово шекарасының маңында орналасқан Борже ауылына өтпек болып едік, шекарашылар рұқсат етпеді. Ертесіне рұқсат алып қайта барғанымызда сақшылар шекарадан өтуге мұрсат берді.
Жергілікті жұртпен тілдескен соң Албанияның шалғайдағы бұл ауылында тұратын 900-дей қарттың қыстыңгүні қандай қиындыққа тап болатынын түсіндік. Қыста қалың қар жауып, жол жабылады, бұл ауыл өркениет атаулыдан бөлініп қалады.
Дәрі-дәрмек, ем-домның бәрі шекараның арғы беті – Косовоның Драгаш қаласында. Ауыл тұрғыны Шате Палинчи таң азанда қашырға 12 жасар ұлын міңгестіріп Косоводағы емханаға апарды, қайтарда үйге азық-түлік артып келді.
Үйдің тіршілігі, бала-шағаның ас-суы түгел Палинчидің мойнында. Мына суретте ол қашырын суару үшін өзенге кетіп барады. Мен үшін бұл сурет – шалғайда тұратын адамдардың ерік-жігері мен төзімділігінің символы.
Ешқашан жиналмайтын күнбағыс
Сергей Нужненко
25-ші әуе-десант бригадасының позициясында бір күн болдық. Қас қарая алдыңғы топпен ротацияға кеттік. Бірнеше солдат Ресейдің FPV дрондарын атып түсіру үшін әуені бақылап тұр.
Ұшқышсыз аппараттар бұл соғыстың бағытын өзгертті. Бұрын алдыңғы шепке шығу оңайлау болса, қазір өте қауіпті. Барлаушы дрондар тіпті майдан шебінен 10-15 шақырым жердегі жүрген-тұрғаныңды жіті қадағалауы мүмкін. Одан әрі жақын барсаң тіпті талшықты-оптикалық кабельмен басқарылатын аппараттар еш кедергісіз ұшып жүруі мүмкін.
Солдаттарға кедергі жасамау үшін пикап кузовына үш адам мініп алдық. Ресейдің позициялары бізден бір шақырымдай ғана жерде тұрғанын, олардың дрон операторлары бізді бақылап тұруы мүмкін екенін ойламауға тырыстым.
Менің бар жұмысым – фото түсіру. Жарық көмескі, айнала шаң, топырақ, жол ойдым-ойдым. Жақсы фото түсіру қиын. Машина күнбағыс өскен алқаппен сағатына 120 шақырым жылдамдықпен ызғытып өтті. Дәнін ешкім жинап алмайтын күнбағыстар сыбдырлап қалып жатты.
Парламент алдындағы шайқас
Мзия Саганелидзе
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе үкімет Еуропа одағына қосылу бойынша келіссөз 2028 жылға дейін тоқтатылады деп хабарлай сала парламент ғимараты алдындағы көше адамға лық толды. Наразылық болған 28 қараша түнінде полиция арнайы жасақ көмегімен жұртты күштеп таратты. Бірақ бұл халықты одан сайын ашындырса керек.
Ертесіне адам тіпті көп жиналды. Билік өкілдері бейбіт жұртқа күш қолданды, ұстап әкетті, қамады. Осы түн тіпті сорақы болды. Полицияның арнаулы жасағы дауыс күшейткішпен демонстранттарды балағаттады, қорқытты. Олар айқайлап сыбады, үйлеріңе барып суырып шығарамыз деп қоқан-лоқы жасады.
Менің таңқалғаным – бұл елде өзіне ешқандай жаза жоқ деп ойлайтындардың еркін әрекет ететіні.
Бұл фотоны арнайы мақсаттағы жасақ орналасқан парламенттің артқы есігі алдында түсірдім. Жиналған жастар өткен түндегі қатыгездігі үшін полицейлерді балағаттап, оларға түрлі заттар, түтіндеткіштер лақтырып тұрды.
Қуғындағы хор
Виолетта Саучицтің фотосы
Күндіз Литва астанасында шерулетіп жүріп өткен қуғындағы белорустар сол күні кешке Вильнюс евангелие реформаторлық шіркеуіне жиналды.
Бұл фотоны хор белорустардың әйгілі "Махутны боза" (Құдіретті құдай) атты гимнін шырқап жатқанда түсірдім. Бұл ән 2020 жылғы үкіметке қарсы наразылықтың символына айналған.
Концерт кезінде жұрттың көбі көзіне жас алып жылап отырды. Бір әйел маған бұрылып: "Денем шымырлап кетті. Бұл музыка сол күндерді еске түсіреді әрі үміт береді" деді.
Шетелге кетуге мәжбүр болғанға дейін "Еркін хор" үкіметке қарсы наразылықты қолдап өнер көрсетті, олар 2020 жылғы президент сайлауынан соң Беларусьтегі өзгеше пікірді күшпен басып-жаншу әрекетіне наразы болды.
Хор өнерпаздары елде көп рет қамауға алынған. Қазір олар Еуропа астаналарында ән салып, Лукашенко режимінің кесірінен жапа шегіп жатқан белорустардың ауыр тағдыры туралы айтып жүр.
Ет тасасында
Петр Троценко
Жазда Сырдария бойындағы елдің тұрмысын көрсететін фотожоба аясында осы бір әдемі қала Хожантқа келдім. Келе сала тәжік әріптесім Фарзон Машарипов мені қаланың ең көрнекі орны – Панджшанбе базарына алып барды.
Орталық Азияның базарлары – фотограф үшін таптырмайтын жер. Онда өмір қыз-қыз қайнап жатады, әдемі көрініс көп. Жұрт фотоға түсуге оңай келіседі, дегенмен қасыңда шпион емес, қарапайым фототілші екеніңді түсіндіріп беретін жергілікті тұрғын жүргені қандай жақсы!
Ешкімнің көзіне түспейтін шағын фотоаппаратымды осы жерде кәдеге жараттым. Сол күні өте көп сурет түсірдім. Бірақ әдеттегідей ең қызық фото кездейсоқ түсірілді. Базарда қып-қызыл шам жанып тұрған ет дүңгіршегі бірден назар аудартты. Жарық шам етке ерекше түс беріп, сатып алушыны арбап тұрғандай. Дүңгіршек алдында бір әйел тұр екен, саудагерді суретке тартып ала қояйын деп әйелдің кетіп қалғанын күтіп тұрдым. Кадрды теңшеп алуға бірер секундым ғана болды (ал бұл фотограф үшін өте көп уақыт). Әйел кете сала бірнеше кадр тарттым. Ет сатушы фотоға түсіріп жатқанымда байқап үлгерді де еттің артына тығылып қалды. Осы фотоны түсіруге уақытым жетті.
Окоптағы өмір
Мариан Кушнир
Бұл бөлімше Ресей позицияларынан бірнеше жүз метр жердегі орманда тұр. Қарсыластың армиясы шепті бұзып осында кіруге тырысып жатыр. Сарбаздар құмдауыт жерді бір метрдей етіп қазған шұңқырды пана етеді. Жертөленің шатыры - ағаш діңі мен брезент жаппа.
"Қоян іні" деп аталған бұл жерде аяқ соза да алмайсың. Қазір мұнда алты сарбаз дамылдап жатыр. Кейбірі жертөлені жамап-жасқап әлек, енді бірі уақытты пайдаланып мызығып алуды жөн көрген. Ресей армиясы әр 15 минут сайын ауыр артиллериядан атқылап жатыр. Кей кездері бұдан сарбаздардың дегбірі қашып кетеді. Сол түні ауа температурасы 0-ден төмен болды. Жылу беретін жалғыз нәрсе – окоптағы шырақ. Бұдан жылырақ нәрсе жақсаң, жылуды байқайтын камераның назарына түсіп қаласың.
Күндіз орманда атыс көп болды, сондықтан сыртқа шығу мүмкін болмады. Бұл орман Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Францияда болған соғыс құрметіне Верден орманы деп аталады. Артиллерия снарядтары кесірінен ағаштардың діңі мүжіліп, желініп кеткен. Бір жылға жуық уақыттан соң Ресей армиясы Харьков облысында Украина қорғаныс шебін бұзып кіріп, бұл жерді басып алды.