Қараша соңында Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталған бес өзбек азаматына қылмыстық іс қозғалды.
Өзбекстан СІМ-дегі дереккөзге сүйенген Kun.uz сайтының хабарлауынша, олардың әрқайсысы экстремизммен байланысты қылмысқа қатысты күдікті танылған.
"Оларға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл бес адамның ісі израильдік раввиннің өліміне қатысты ұсталған Өзбекстанның үш азаматының ісіне қатысы жоқ. Оған қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істі екі елдің арнайы қызметі БАӘ аумағында бірігіп жүргізіп жатыр" деді аты-жөнін айтпаған министрлік өкілі.
Ақпаратқа қарағанда, қазіргі кезде БАӘ-нің тиісті органдары өзбек дипломаттарына ұсталған азаматтармен байланысуға мүмкіндік берген.
Қараша соңында БАӘ-да із-түзсіз жоғалған израильдік раввин Цви Коган өлі күйде табылған. Ол БАӘ-да 2020 жылдан бері тұрған және "Хабад Любавич" діни қозғалысы атынан жұмыс істеген.
БАӘ полициясы оның өліміне қатысты үш өзбек азаматы ұсталғанын хабарлаған: Азизбек Камил (33 жаста), Олимбой Тохир және Махмуджон Әбдірахим (екеуі де 28 жаста).
25 қарашада Дубайда полиция сонда істейтін бір топ өзбек азаматын ұстаған. Kun.uz сайтының жазуынша, ұсталғандардың бір бөлігі босатылған, ал қалған бөлігі Өзбекстаннан депортацияланған.
Раввиннің қазасынан кейін Өзбекстаннан Абу-Даби мен Дубайға ұшып келген ондаған ер адамды БАӘ аумағына кіргізбей қойған еді. Оларға сақшылар әуежайдан кетуге рұқсат бермей, құжаттарын тәркілеп тергеген.