Абу-Даби әуежайында 31 өзбек азаматына ғимараттан шығып, Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағына кіруге рұқсат берілмеді. Өзбекстанның БАӘ-дегі елшілігі Ташкент – Абу-Даби бағыты бойынша 30 қарашада ұшып келген ер адамдар "белгісіз себеппен" әуежайдан шыға алмай отыр деп мәлімдеді.
Елшілік және Өзбекстанның Дубайдағы бас консулдығы БАӘ билігі өкілдерімен хабарласып, әуежаймен бірігіп оларды үш мезгіл тамақпен, қажет болса медициналық көмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастырған.
"Жағдайды реттеу үшін барлық шара қабылданып жатыр" деді елшілік өкілдері.
Осыған дейін repost.uz сайты Ташкенттен Абу-Даби әуежайына келгендердің төлқұжатын тартып алғанын жазған. Порталдың хабарлауынша, қауіпсіздік қызметінің өкілі өзбек азаматтарына туған еліне қайтарып жіберетінін айтқан.
Gazeta.uz сайтының жазуынша, шын мәнінде ұсталғандар бұдан да көп болуы мүмкін және тенденция жалғасуы ықтимал.
"Бауырымызбен бірге Формулу 1-ге келген едік – таза туризм мақсатында. Онда Eminem, Maroon 5, Teddy Swims, Peggy Gou, Muse концерттері жоспарланған" деді Абу-Даби әуежайында қалып қалған өзбек азаматтарының бірі.
Оның сөзінше, оларға БАӘ-ден ұшар кезде төлқұжаттарын қайтарып беретінін айтқан. Ол өз қалталарынан ақша шығарып, тамақтанғандарын, кейбірі Ташкентке қайтар билет алып қойғанын да жеткізді.
"Формула 1-ге алған билеттеріміз, баспанамыз, қайтар билеттер бәрі күйіп кетті – 4300 долларымыз желге ұшты" деді ол.
Ақпаратқа қарағанда, Өзбекстаннан ұшып келгендер арасында 20 және 40 жастағы ер адамдар ғана ұсталған, әйелдер мен балалар, қарттарды жіберген.
Қараша соңында БАӘ-де раввин Цви Коганның өліміне күдікті ретінде Өзбекстанның үш азаматы ұсталғаны белгілі болған. БАӘ ІІМ алдын ала тергеу басталғанын айтқан. Ведомство мәліметінше, Азизбек Камилұлы (33 жас), Олимбой Тахирұлы және Махмуджан Әбдірақым (28 жас) ұсталған.
2020 жылдан бері БАӘ-де тұратын раввин Цви Коган 21 қараша өлі күйінде табылған. Оның Израиль және Молдова азаматтығы болған.
Оны іздеумен БАӘ полициясы және Израильдің барлау қызметі айналысқан. Олар оны ұрлап әкеткен болуы мүмкін топшылап, бұған Иранның арнайы қызметінің қатысы болуы мүмкін деген де болжам айтқан.
Осыған дейін Коганның жоғалуына Өзбекстанның үш азаматының да қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылған.