Талғардағы оқиғаға рэп арнаған музыкантты полиция әкімшілік жауапқа тартпақ

Талғар оқиғасына рэп арнаған Кәрім Асылбеков.

Талғар оқиғасына рэп арнаған талдықорғандық музыкант Кәрім Асылбеков "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін айыппұл төлеуі мүмкін. Елде жемқорлық өршігенін, шындықты айтқандар қудалауға түсетінін әнге арқау еткен рэперге полиция "балағат сөз айтқан" деп айып тағып отыр.

"ҰСАҚ БҰЗАҚЫЛЫҚ"

Талдықорғандық музыкант Кәрім Асылбековтің үстінен полиция Әкімшілік құқықбұзушылық заңының "ұсақ бұзақылық" бабымен хаттама толтырды. Бұл жөнінде 18 желтоқсан күні кешке рэпердің өзі Instagram әлеуметтік желісінде хабарлады. Ол "айыппұл салынатыны өкінішті" деді.

Бұл іске рэпердің Жетісу облыстық әкімдігі алдындағы алаңда тұрып салған әні түрткі болған. Кәрім Асылбеков бұл шығармасына биыл күзде Алматы облысы Талғар қаласындағы жанжалда пышаққа түсіп мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың қазасын арқау етіп, қоғамдағы келеңсіздіктерді айтқан.

Музыкант аталмыш рэпті әлеуметтік желіге 13 желтоқсанда жариялаған.

"Тректі сараптамаға жіберді. Шынымен ішінен [балағат сөз] тапса, айыппұл төлеуім керек. Маған шамамен 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты. Бұл 18-25 мың теңгенің айналасында. Өкінішті, тек қолдау ниетім болған”, – деді рэпер Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, сот шешімі әлі шықпаған.

Полиция Кәрім Асылбековтің туындысында "балағат сөз" барын анықтаған.

"Кәрім Асылбеков Талдықорғанның орталық алаңы, облыстық әкімдіктің маңында тұрып видеоролик түсірген. Оның клипінде балағат сөз айтылған. Осылайша әкімшілік құқық бұзушылыққа барған", – деп жазылған полиция хаттамасында.

Құқық қорғау органы қызметкерлері рэперді осымен екінші рет шақыртып отыр.

Өз айтуынша, бірінші жолы, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында оны полицияға шақыртып, "түсіндіру" жұмысын жүргізген.

"16 желтоқсан – бізде, Қазақстанда мереке. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшкен. Тректерім жалған ақпарат пен түсініксіз комментарийлер көбейген кезде шығып отырғандықтан маған түсіндіру жұмысын жүргізді", – деді рэпер.

Шамамен бір минуттық тректе әнші Талғардағы оқиғадан зардап шеккендердің отбасына көңіл айтып, елдегі бірқатар мәселелерді туындысына арқау еткен. Ол жемқорлық өршігеніне, шындықты айтқандарды қудалап жатқанына қынжылыс білдіреді.

Шерзат Полат мерт болған жерге жұрт гүл әкеліп, плакатқа марқұмға арнау сөздер жазған. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.

16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік режимі күшейтіліп, билік орындары елдің бірқатар аймағында белсенділерді түрлі баппен жауапқа тартып, 5-20 күнге қамаған.

Музыкант Кәрім Асылбеков Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тұрады. Ол туындыларында әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Көпшілікке "Жаңа Қазақстан", "Халықтың көз жасы" (Слезы народа) деген рэптерімен белгілі.

ШЕРЗАТТЫҢ ҚАЗАСЫНАН КЕЙІНГІ ТІЗБЕКТІ ОҚИҒАЛАР

Алматы облысында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан жанжал 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкеннің маңында болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған.

Осы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде, қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Жуырда Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың інісі 30 жастағы Нұрғанат Ғайыпбаев та қаза болды. Полиция алдын ала сот-медицина сараптамасының қортындысына сүйеніп таратқан ақпаратта ол "өзіне қол салған" деп айтылған. Екі ай ішінде екі жақынынан айырылған Нұрымовтар отбасы бұған сенбейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамау, қылмыстық іс, айыппұл, депортация. Қаржаубай Нұрымов пен туыстары не үшін жауапқа тартылды?

Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсанда інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, 15 күнге қамалды. Жерлеу рәсімі кезінде Нұрымов баласы мен інісінің өлімін әділ тергеуді талап етіп айқайлаған.

Полиция мәліметінше, Нұрымов "қоғамдық орында әрі полиция қызметкерлеріне балағат сөз айтып, оларды пышақпен қорқытқан, басқа біреудің мүлкіне қасақана зиян келтірген, пышақпен көлікті сырып, дөңгелегін жарып тастаған".

Қаржаубайға қоса оның үш туысы әкімшілік жауапқа тартылды: екеуі 15 күнге қамалып (біреуі жұртты заңсыз митингіге шақырып", бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң ережесін бұзғаны үшін), тағы біреуіне айыппұл салынды.

12 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымовқа "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Адвокаттар апелляциялық шағым беріп, соттан Нұрымов кәмелетке толмаған төрт баласының жалғыз асыраушы екенін, үйінде қарт ата-анасы, әйелі мен бала-шағасы қалғанын ескеруді сұраған. Олар шағымда Нұрымовтың шаңырағында кейінгі екі айда болған жағдайлар оған әсер еткенін де айтқан.

13 желтоқсанда апелляция соты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы соты шығарған қаулыны өзгертпеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Бала да, бауыр да өлді. Өзі қамалды. Талғарда не болды? – AzatNEWS | 11.12.2024

ТАЛҒАРДАҒЫ ОҚИҒАНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Жасөспірімнің қазасы төңірегіндегі оқиғаларға қоғам назары қайта ауған шақта Алматы облыстық прокуратурасы 13 желтоқсанда мәлімдеме таратып, Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу жақында аяқталатынын, Нұрымовтың үйін өртеу және Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі бойынша қылмыстық істерді тергеу бас прокуратура бақылауында екенін айтқан.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.

Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тараған. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Осы ауданда тұратын Хасан Қасымбаев есімді адам әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.

Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.

Сонымен бірге бірқатар жергілікті шенеунік қызметтен босатылды. Атап айтқанда, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысында елеулі кемішіліктер жібергені" үшін орнынан алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Аслан Қасымбаев (Хасан Қасымбаевтың туған бауыры) та қызметтен кетті.