Accessibility links

"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы


Солдан оңға қарай (отырған): Ерлан Декелбаев, Қалдыбай Әбенов, Аманжол Нәлібаев, Хасен Қожахмет, Мейірхан Әбдіманапов (түрегеп тұр) пен Әмина Нұғыманова Желтоқсан оқиғасынан соң қуғын көргендерді ақтауды талап еткен акцияда. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Қ.Әбеновтің архивіндегі фото.
Солдан оңға қарай (отырған): Ерлан Декелбаев, Қалдыбай Әбенов, Аманжол Нәлібаев, Хасен Қожахмет, Мейірхан Әбдіманапов (түрегеп тұр) пен Әмина Нұғыманова Желтоқсан оқиғасынан соң қуғын көргендерді ақтауды талап еткен акцияда. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Қ.Әбеновтің архивіндегі фото.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың құқығын қорғайтын "Желтоқсан" бірлестігіне биыл 35 жыл толды. Ұйымды алғаш құрған Қалдыбай Әбенов, Хасен Қожахмет және Аманжол Нәлібаев сол кезде Азаттық радиосына сұхбат берген. Бүгінгі сұхбатында Ерлан Декелбаев та сол күндерді еске алды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталған белсенділер абақтыдан босап шыққан соң "Желтоқсан" ұйымын құрған. Алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауына да балама кандидат осы ұйымнан ұсынылған. Биыл "Желтоқсан" қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына 35 жыл толып отыр.

"Азаттық толқынында" подкасында осы ұйым құрылған кезде әзірленген сұхбаттарға шолу жасаймыз.

"Желтоқсан" осылай құрылды. 35 жыл бұрынғы бейресми ұйым
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:05 0:00
Жүктеп алу

"БІР ТОП АДАМДЫ ЕРТІП КӨШЕ АРАЛАП КЕТТІМ"

Астанадағы ұлттық академиялық кітапхананың сирек деректер қорында сақталған Хасен Оралтайдың жеке архивінде "Желтоқсан" ұйымының құрылуына ұйытқы болған кинорежиссер Қалдыбай Әбеновпен және желтоқсандық белсенді Аманжол Нәлібаевпен өткізілген сұхбаттың түпнұсқасы бар. Азаттық радиосы 1990 жылғы 8-9 мамырда осы ұйымның басшыларының бірі Хасен Қожахметтің сұхбатын эфирге ұсынған. Екі сұхбатты да жүргізген – Қиял Сабдалин.

"Желтоқсан" адам құқығын қорғау комитеті, "Желтоқсан" ұйымы, "Желтоқсан" бірлестігі. Бейресми (неформал) ұйымдар қозғалысының көшбасшысы. Кейін өзін ұлттық-демократиялық партия ретінде жариялаған осы ұйымның құрылғаннан кейінгі тең төрағалары Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев болғаны "Азаттық толқынында" бұған дейін кеңірек айтылған.

Азаттық радиосы 1990 жылғы 8-9 мамыр күндері эфирден Хасен Қожахметпен болған сұхбатты берген.

"1986 жылы Қазақ теледидарында редактор болып жүрген кезімде Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете түсті. Оқиғаның арғы себебі – халық өзінің түсіп кеткен дәрежесіне іштей намыстанып жүрген. Соған халық шыдай алмай бұрқ ете түсіп, алаңға шығып кетті", – деді осы сұхбатында белсенді.

1970-жылдары Қазақстандағы диссиденттік қозғалыстың өкілі Хасен Қожахмет сол кезде 2 жылға сотталған еді. Желтоқсан оқиғасы кезіндегі оның әрекеті қалай болды, өзі не дейді?

"Шыдай алмай мен де алаңға шығып кеттім. 18 желтоқсан күні солдаттардың адамдарды қалай ұрып жатқанын көрдім. Сонда қасымдағыларға "бұлармен құрқол соғысып жеңе алмаймыз, олар алаңды күзетіп тұра берсін. Біз ешкіммен қақтығыспай көше аралап, өзіміздің наразы екенімізді көрсетейік" дедім. Бір топ адамды ертіп көше аралап кеттім. Сол үшін ұсталып, төрт жылға сотталдым", – деді Хасен Қожахмет.

"КОЛОННАНЫҢ АЛДЫНДА ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ КЕТЕ БАРДЫМ"

Хасен Қожахметтің көше аралап кеткені туралы айтқаны сол кездегі Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың атышулы пікірін еске түсірді. Бұл туралы Назарбаев 1991 жылы жарық көрген "Әділеттің ақ жолы" кітабында жазған.

"Әрбір адамның өмірінде өзіңе бұрыннан жайлы, әрі үйреншікті әлдебір жайлардан қол үзуге мәжбүр ететін, алдын-ала болжап білуге болмайтын, қиындықтар мен сын сағаттарға душар ететін, нәрселердің біріне елеулі де жауапты таңдау жасау проблемасына ойда жоқта кез болатын кезеңдер ұшырасады. Мұндай таңдау көбінесе, бір ғана артықшылық береді – адам жағдайға бейімделмейді, қайта оған қаймықпай қарсы барып, өзіне тән қасиеттерін сақтай біледі. Алаңға жиналған халық қалаға қарай бет алған кезде мен тап осындай таңдаудың алдына тұрғанымды түсіндім: не батыл қылық көрсетуге бел бууым керек, не Орталық комитеттің үйіне жайбарақат қайтып баруым керек. Мұның екіншісі маған халыққа кешірілмес сатқындық жасау болып көрінді – өйткені олардың ісі әділ еді! Мен колоннаның алдында халықпен бірге кете бардым", – деген Назарбаев қала көшелеріндегі шеру үш сағатқа созылғанын айтады.

"Халық көп көшелерді аралап, үлкен шеңбер жасаған соң алаңға қайта оралды, – деп жазды ол. – Түстен кейін халықтың тасқыны күшейе түсті. Студенттер, жұмысшылар, интеллигенция келе бастады. Келесі күні демонстрация тағы да қайталанды. Оның немен аяқталғаны жақсы мәлім – 18 желтоқсанда оны күшпен тарату ісі ұйымдастырылды", – деп жазды Назарбаев "Әділеттің ақ жолы" кітабында.

Ол совет билігінің осы әрекетін ақтап, алаңдағы адамдардың арасына "бұзақы элементтер" мен "экстремистер" кіре бастағанын айтады. "Шалыс қадамдар жасалды" деген Назарбаев "өкімет орындары мен халықтың ортасында пайда болған қайшылықты жоюға бәріміз де дәрменсіз болдық" деп мойындаған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған, биліктен кеткеннен кейін де ықпалын сақтап қалуға тырысқан Назарбаев 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім" деген естелік кітабында 1986 жылғы алаңдағы оқиға туралы "Үнемі қорқытып-үркітіп сөйлеу, тек қана жазғыру мен ұрсу жастарды одан сайын ашындыра түсті. Олардың алдында мінберде сөйлегенде де, орталарына барып бетпе-бет жүздескенде де, қала көшелерімен шерушілермен бірге жүргенде де жастардың арасында ұлттық намыс үшін қасық қанын қиып беруге әзір небір азаматтар бар екеніне көзім жетті", – деп жазған.

"КӨПТЕГЕН АЗАМАТ МАҒАН АРА ТҰРДЫ"

Назарбаев Желтоқсан оқиғасы кезінде адамдардың 17 желтоқсанда көше аралап, шеру жасағанын айтса, Хасен Қожахмет ондай шеру 18 желтоқсан күні болды дейді. Өзі де сол күні ұсталған.

Диссидент, композитор Хасен Қожахмет Арқалық түрмесінде. Қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.
Диссидент, композитор Хасен Қожахмет Арқалық түрмесінде. Қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.

"Мені 18-інде ұстады. Милиция бөліміне барсақ, 17-і күні ұсталған адамдар бір күн бойы абақтыға сыймай, отыратын жер жоқ, түрегеп тұр екен. Адамдар бөренеге ұқсап тікесінен тұр. Демалатын ауа жоқ. Абақтының терезесі де жоқ екен. Кезек-кезек шақырып әкетіп, ұрып-тепкілеп, ыңырсытып әкеп тастап жатыр. Соларды ғана жатқызамыз. Қалғанымыз түрегеп тұрдық. Мені де қолымды мойныма салғызып алып барды. Есіктен кіргізе берген кезде бірдеңе тырс ете түсті. Қарасам, жерге пистолеттің оғы түскен екен. Түсінгенім – есік алдында тұрған орган қызметкері менің қалтама сол оқты салып жібермек болған сияқты. Бірақ сала алмаған, қалтамның жиегінен сырғып түскен. Ол қызметкер менің бетіме ыржиып қарады да қойды. Мені ұрмақ болып оқталғанда мен "айналайын, қолыңды тарт, мен – телевидениенің редакторымын, композитормын" деп едім, содан кейін тартынып, менімен байқап сөйлесетін болды", – деп еске алады Хасен Қожахмет.

Ол кейін өзінің сотында әріптестері мен шығармашылық өкілдері өзін қолдағанын ризашылықпен еске алады.

"Көптеген азаматтар маған ара тұрды. Ақын Шона Смаханұлы, композиторлар Әсет Бейсеуов, Жолан Дастанов, Тілес Қажығалиев, Жоламан Тұрсынбаев, тағы да музыка мамандары: Малғаждар Әубәкіров, Нұрахмет Жорабеков деген азаматтар Колбинге хат жазды. Сотқа хат түсірді. Мені не істерін білмеді ме, сот алты күнге созылып кетті. Прокурордың өзі мені ақтап шықты. Бірақ соның бәріне қарамастан, мені төрт жылға соттады", – деді ол Азаттыққа 1990 жылы берген сұхбатында.

"ЖЕЛТОҚСАН" ДЕГЕН ҰЙЫМ ҚҰРДЫҚ"

Хасен Қожахмет жазасын өтеу кезінде де айрықша бақылауда болған. Қатаң режимдегі колонияға түскенін, сол жерде де өзін КГБ бақылап отырғанын баяндап берді. Айтуынша, түрме қызметкері оны жоғары білімді адам ретінде кітапханаға қызметке қоймақшы болғанда, оған "тек қана қара жұмысқа алынсын" деген кесім кедергі жасапты.

"Зонада бригадирлер мені жеңіл жұмысқа қойып қойса, КГБ-дан адамдар келіп, дереу мені ауыр жұмысқа салып отырды", – деген Хасен Қожахмет төрт жылдық жаза мерзімінің екі жыл бір айын Алматы, Павлодар, Арқалық пен Өскемен түрмелерінде өтеп, кейіннен ақталып шыққанын айтты.

"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы белсенділері. Екінші қатарда солдан үшінші отырған – Хасен Қожахмет, бесінші отырған – Аманжол Нәлібаев. Алматы, 1990 жыл. Қалдыбай Әбеновтің жеке архивіндегі суретті ұсынған – Ерлан Декелбаев.
"Желтоқсан" қоғамдық ұйымы белсенділері. Екінші қатарда солдан үшінші отырған – Хасен Қожахмет, бесінші отырған – Аманжол Нәлібаев. Алматы, 1990 жыл. Қалдыбай Әбеновтің жеке архивіндегі суретті ұсынған – Ерлан Декелбаев.

Хасен Қожахмет түрмеден босап шыққаннан кейін түрмеде отырған немесе түрмеден шықса да Сібірде, Ресейде қара жұмыста жүрген адамдарды шақырып, Желтоқсан оқиғасында сотталған адамдардың ісіне әділетті саяси баға беруін талап еткенін айтады.

"Желтоқсан" деген ұйым құрдық. Сол ұйымның бір пұшпағын өзім де көтерісіп жүрмін. Осында байқағаным – баспасөзде бізді балағаттап, сөгетіндерге ғана жариялылық бар екен де, бізге орын жоқ екен. Алаңға не үшін шыққанымызды айтуға бізге ешқандай мүмкіндік берілмей отыр. Қазақ телевидениесі мен көптеген баспасөз біз үшін жабық екен. Әлі күнге "алаңға бұзақылар, маскүнемдер шығыпты" деп жүр. Бізге әлі саяси баға берілмей отыр", – деген Хасен Қожахмет 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын анықтап, қоғамдық тексеру жүргізуді талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 1990-жылдар. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын анықтап, қоғамдық тексеру жүргізуді талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 1990-жылдар. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

"ЖЕКЕ ЖҮРІП ӘДІЛЕТКЕ ЖЕТЕ АЛМАЙМЫЗ"

"Желтоқсан" бірлестігі құрылған соң теңтөраға болған Аманжол Нәлібаев та Азаттық тілшісі Қиял Сабдалинге берген сұхбаттарының бірінде өзінің қалай сотталып, қалай босағанын, "Желтоқсан" ұйымын құру қалай басталғанын әңгімелеп берген.

"Шынтуайтқа келгенде, милициясы бар, КГБ-сы бар – бізді ұстап, соттағанда аты-жөнімізді ғана сұрауға шамасы келді. Ресми сұрақтарға ғана жауап алды. Ар жағы алдын-ала әзірленіп қойылған екен. Дәлелін де, айғағын да өздері келтіріп, мерзімін белгілеп, соттады. Мені бес жылға бостандығымнан айыру жазасына кесті. Екі жылдан кейін түн ортасында "шықсаң да шығасың, шықпасаң да шығасың" деп, түрмеден қуып шыққандай болды", – деп еске алған Аманжол Нәлібаев.

"Желтоқсан" ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев. Видеодан скриншот.
"Желтоқсан" ұйымы жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев. Видеодан скриншот.

Қапшағайдың түбіндегі Заречное түрмесінде отырған Нәлібаев бостандыққа шыққан соң бір жарым айдай емделген. Кейін кинорежиссер Қалдыбай Әбеновпен танысқан. Ол Желтоқсан оқиғасы туралы фильм түсіретінін айтып, желтоқсандықтардың басын қосқан екен.

"Жеке жүріп әділетке жете алмайды екенбіз. Ұйымдаспай бір мәмілеге жетпейтінімізге көзіміз жетіп "Желтоқсан" деген ұйым құрдық", – деген Аманжол Нәлібаев.

Кинорежиссер Қалдыбай Әбенов. Алматы, 5 желтоқсан, 2008 жыл.
Кинорежиссер Қалдыбай Әбенов. Алматы, 5 желтоқсан, 2008 жыл.

Қалдыбай Әбенов Желтоқсан оқиғасы туралы фильм түсірген кезде желтоқсандықтармен жиі кеңесіп отырған. Ол бұл жұмысын, яғни "Аллажар" фильмін түсіруді 1988 жылы бастаған. Фильм дайын болған соң да оның прокаттағы жолы ауыр болды. Қалдыбай Әбеновтің өзі Азаттық радиосына берген сұхбатында "Желтоқсан" ұйымының құрылу себебін түсіндірген еді.

"Патшалық Ресей, одан кейін Сталин тұсында біздің даламыз лагерь, түрмелерге айналды. Оған басқа жақтан айдалып келгендерді де қамады. Олар түрмеден шыққан соң да осында орнығып қалды. Қазақ халқы да Ашаршылық пен репрессиядан қансырап, өз жерінде саны азайып қалды. Хрущев, Брежнев кезінде қазақ даласындағы полигондарда ядролық сынақ жасалып, жеріміз радиоактивтік қабірге айналды. Одан басқа әскери полигондар да жетерлік. Осының бәрі елімізге кесел болды. Отарлау саясатының салдары осыған жеткізіп отыр. "Желтоқсан" ұйымының жігіттері осындай үлкен мәселелерді көтеріп отыр", – деген Қалдыбай Әбенов.

"ЖЕЛТОҚСАННЫҢ" ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТЕГІ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

"Желтоқсан" ұйымының қалай құрылғанын арада 35 жыл өткенде, 2024 жылы сол кездегі оқиғалардың куәсі Ерлан Декелбаевтан сұрадым. Ол ұйымның құрылуына, ұйым арқылы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының құрылуына себеп болған жандардың бірі әнші Әмина Нұғыманова екенін айтқан.

– 1989 жылы мамыр айынан бастап, "Аллажар" фильмінің қоюшы режиссері Қалдыбай Әбеновтің ұйымдастыруымен "Қазақфильм" киностудиясында "Желтоқсан" ұйымын құрып, 1986 жылғы оқиғада зардап шеккендерді іздей бастадық. Олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және Желтоқсан жендеттерін жазалау мақсатында күндіз-түні жұмыс жасадық, – деді Ерлан Декелбаев Азаттыққа.

Айтуынша, әнші Әмина Нұғыманованың себепкер болуымен желтоқсандықтар сол кезде Жоғарғы Кеңесте халық депутаты Мұхтар Шахановтың басшылығымен құрылған Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясына көптеген материал ұсынған.

– Әрине, жалғыз жүріп нәтижеге жету қиын еді. Бізге жоғарыда Желтоқсан оқиғасы туралы айтатын адам керек болды, – деген Ерлан Декелбаев Мұхтар Шахановтың 1989 жылғы 6 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясында сөйлеген сөзін еске алды. Мұхтар Шахановтың сол мәлімдемесінен кейін қозғау салынған соң Желтоқсан оқиғасында айыптау үшін жасақталған "қазақ ұлтшылдығы" туралы қаулының күші жойылған еді.

– 1989 жылдың күзінде осы комиссияны құру туралы қаулы шықты. Кейін осы комиссияға Әмина апайдың ұйытқы болуымен мен, Аманжол Нәлібаев, Қалдыбай Әбенов, Хасен Қожахмет, Әмина апайдың өзі бар – бірнешеуіміз Шаханов комиссиясына бардық. Шахановқа түрмеде отырғандар, оқудан шыққан және зардап шеккендер туралы материалды көрсеткенімізде, Мұқаңның көзқарасы өзгере бастады, – деп еске алды Ерлан Декелбаев.

ҰЛТТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯҒА ҚАДАМ

Азаттық радиосына берген сұхбатында Аманжол Нәлібаев "Желтоқсан" ұйымын құруда кезіккен қиындықтар жайында және ұйымның мақсаты туралы да әңгімелеп берген.

"Сонымен "Желтоқсан" ұйымы құрылды. Өте қиын болды. Ұйым құрып кете жаздап, аяғынан тік тұрды. Партияның және КГБ-ның бізге қандай кедергі жасағанын жақсы білеміз. Біздің мақсатымыз – Желтоқсан оқиғасын толық ақтау және "қазақ ұлтшылдығы" деген бетке жағылған күйені алып тастау болды. Бұған қоса Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтап, 17-18 желтоқсанды қаралы күн деп жариялау керек. Сонымен бірге осы оқиға кезінде кінәсіз жандарды жазалаған адамдарды жауапқа тарту қажет. Шынтуайтына келгенде, 1986 жылы біз қазақ халқының, Қазақстанның азаттығы деп алаңға шықтық. Бастапқы мақсатымыз осы болатын. Бірақ біз оны мақсатымыз ретінде көрсетпедік. Өйткені іштегі бала тумай жатып шетінеп кете ме деген қауіп болды. 15 мамырда біздің минимум-программамыз аяқталады. Сосын ары қарай не болатынын халық сұрап отыр", – деген Аманжол Нәлібаев осы сұхбатында.

Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Оның минимум-программа дегенде меңзегені мынау болса керек. 1990 жылғы мамырдың 14-18 күндері аралығында "Желтоқсан" ұйымының белсенділері сол кездегі Алматыдағы Жоғарғы Кеңес үйінің жанында аштық акциясын ұйымдастырған. Талап – Желтоқсан оқиғасы кезінде сотталып, қамалғандардың ісін қайта қарап, ақтау, оған саяси беру. Нәтижесінде екі адамды бостандыққа шығаратын болып, қалғандарының жаза мерзімі қысқаратын болды. Ал осы оқиғадан кейін 20 мамырда өткен құрылтайда бұл ұйым өзін "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясы" деп жариялаған.

СӘТІ ТҮСПЕГЕН ПАРЛАМЕНТТІК ЖОЛ, ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Аманжол Нәлібаевтан Азаттық тілшісі сұхбатты осы оқиғалардың алдында алған. Сұхбатында ол "Желтоқсанның" болашағын сол кезде әлі Қазақ ССР-і аталатын Қазақстанның азаттығымен байланыстырады.

"Азаттық дегенде біреуге шоқпар ала жүгіру емес, күш көрсету емес. Халықпыз ғой, бізге азаттық керек дегенді айтатын уақыт келген сияқты. Бұл мүмкін 10 жылға созылатын күрес шығар. Соны бастайтын уақыт келді. Соны парламенттік жолмен бастасақ дейміз. Қазақстанның халқы бәрі бірігіп өз алдына азаттығын алса дейміз", – деген Аманжол Нәлібаев кезінде Мұстафа Шоқай көтерген түркі бірлігін мақсат ететінін айтқан.

Хасен Қожахмет Азаттықтың Алматыдағы бюросында, 1 желтоқсан, 2009 жыл.
Хасен Қожахмет Азаттықтың Алматыдағы бюросында, 1 желтоқсан, 2009 жыл.

Азаттық радиосының эфирінен 1990 жылы мамырда берілген сұхбатта Хасен Қожахмет ұйымға Желтоқсан оқиғасы кезінде сотталғандар ғана емес, басқа да адамдардың, әсіресе, заңгерлердің мүше болып жатқанын баса назар аударған. Ол ұйымның кейінгі ұсынылған мақсат-мұратын өзі жазғанын айтқан.

"Желтоқсан" ұйымы өз мақсаттарына жеткен соң, Қазақстанның басқа да прогрессшіл бейресми ұйымдарымен бірігіп, Қазақстанның құлдырап кеткен жағдайын көтеруге ат салысады дегенбіз. Қазақстанның толық экономикалық, саяси дербестігін алуы, тіл, мәдениет мәселесі, тарихымызды дұрыстап жаздыру мәселесін жедел түрде қолға алып, өкіметке талаптар жіберуіміз керек. Мысалы, Арал босқындары қашып Алматының түбіне келіп жатыр. Үкімет оған назар аудармай отыр. Олардың мәселесін көтеруге де біздің азаматтар кірісіп жатыр. "Желтоқсан" ұйымы көшеде митингілер, пикеттер ұйымдастырып, тегеурінді іс-шаралар атқарып жүр", – деген Хасен Қожахмет 1990 жылы мамыр айының басында Азаттыққа берген сұхбатында.

Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялайтын қарсаңда, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат ретінде "Желтоқсан" ұйымы Хасен Қожахметті ұсынған. Алайда сайлау науқаны кезінде тіркеліп үлгермеген және тіркелуге қажет 100 мың қолды қысқа мерзімде жинау мүмкін емес болғандықтан Хасен Қожахмет президент сайлауына қатыса алмады.

1989 жылы құрылған "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі кейін, 2005 жылы "Желтоқсан" республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысы болып қайта құрылды. Бүгінде желтоқсандықтар құрған ұйымдар саны бірнешеу.

Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталған белсенділер абақтыдан босап шыққан соң "Желтоқсан" ұйымын қалай құрғаны жайлы подкасымызды тыңдаңыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG