Accessibility links

Ақтауда құлаған ұшаққа сырттан зақым келген бе?


25 желтоқсанда Ақтау түбінде құлаған ұшақ.
25 желтоқсанда Ақтау түбінде құлаған ұшақ.

Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін түсірілген видеолардан құлаған ұшақтың құйрығында диаметрі әртүрлі тесіктер бар. Бұл әлдебір сырттан келген "атыс элементтерінің ізі" деген болжам айтыла бастады. Бұл қаншалық рас?

25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Embraer 190 ұшағы Ақтау маңына құлады. Ұшақта 64 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болған. Олардың 38-і қаза тапты.

Грозный әуежайы қалың тұманға байланысты ұшақты Махачкалаға жіберген, одан әрі ол Ақтауға жіберілген. Ресейдің әуе транспорты агенттігі әуе апатына «ұшаққа құстардың соғылуы» себеп болған деді. Ұшақ құлай сала оның салонында әлдебір баллон жарылды деген де долбар шықты, бірақ кейін ол туралы ешқандай түсініктеме болмады.

Украина ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалған ақпаратпен күрес орталығының басшысы Андрей Коваленко Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағын Ресейдің зениттік-зымыран кешені атқан деген болжам айтты. «Ресей Грозныйдың әуе кеңістігін жабуы керек еді, оны істемеді. Ұшаққа ресейліктер зақым келтірді. Грозныйға қондырып, адамдардың өмірін сақтап қалудың орнына ұшақты Қазақстанға бұрып жіберді» деп жазды ол.

«ӘЛДЕБІР ЖАРЫҚШАҚ ІЗІ»

«Настоящее время» арнасына сұхбат берген әскери сарапшы Ян Матвеев ұшақты "Панцирь-С1" кешенінің шағын зенитті зымыраны зақымдауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

– Біріншіден, ұшақтың құйрық жағына тиген әлдебір жарықшақтың ізін көреміз. Бұл зениттік зымыранның атыс элементтері болуы мүмкін деген болжам бар. Бұған қатысты менің өзімде де күмән бар, себебі ол із мардымсыздай көрінеді. Әдеттегі зениттік ракетаның атып түсіретін элементі көбірек болуы тиіс. Ал егер ол "Панцирь-С1" сияқты шағын зениттік ракета болса әрі ол ұшақтан біраз алыс жерде жарылса және оның жарықшақтары жетсе, онда көрініс шамамен осындай болған болуы мүмкін, – деді ол.

Ақтау маңында құлаған ұшақтың құйрық жағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау маңында құлаған ұшақтың құйрық жағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Дегенмен Матвеевтің айтуынша, зениттік ракета тиді деген нұсқаны 100 пайыз растайтын ақпарат жоқ. «Бұған дейін айтылған басқа да нұсқалар бар. Ал құстардың соғылуы деген тым ақылға қонбайтын сияқты. Дегенмен әлдебір баллон жарылды деген де сөз болды. Жолаушылардың өздері, кейбіреуі бір, кейбірі тіпті ұшақтың сыртынан екі жарылыс үнін естігенін айтты. Бұл да зениттік ракета қолданылды дегенді айғақтауы мүмкін» деді Ян Матвеев.

AeroDynamic Advisory консалтинг компаниясының сарапшысы Ричард Абулфия Reuters-ке берген сұхбатында ұшақ құстарға соғылған жағдайда не болатынын айтып берген. Оның болжамынша, ұшақ моторына құстар кіріп кетсе, лайнер жақын маңдағы бос жерге қонады. Мұндайда «ұшақты басқару мүмкін болмай қалады, бірақ ол алысқа ұзап кете алмайды».

Ақтаудағы апаттан соң Azerbaijan Airlines Бакуден Грозный мен Махачкалаға және кері бағытта ұшатын рейстерін уақытша тоқтатты.

«ЖОЙҒЫШ ЗАТТАР ҰШАҚ ІШІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЯДЫ»

Украина қарулы күштерінің запастағы полковнигі, жойғыш авиацияның ұшқыш-инструкторы Роман Свитан «Настоящее время» эфирінде апат себебіне қатысты өз болжамын айтты. Ол да зениттік зымыран кешенінен атылған ракета ұшаққа кесірін тигізді деген болжам дәлелденуі мүмкін дейді. Бірақ сараптама қорытындысын күткен жөн дейді Роман Свитан.

– «Панцирь» де, басқа бірнеше зениттік зымыран кешені де үлкен әуе шабуылы болып жатқанда автоматты режимде жұмыс істеуі мүмкін. Қарсы жақтың нысандарын анықтайтын жүйе өшіп тұрса, ол азаматтық нысандарға да атылуы ғажап емес. Бұл жағдайда дәл солай болған болуы да мүмкін. Шынымен солай болды ма, оны жақында жүргізілетін сараптама көрсетер. Зениттік зымыран кешенінің жойғыш элементтері ерекше, олар салонда, соның ішінде ұшақ креслосында қала береді. Алдағы бірнеше күнде, тіпті сараптаманың алғашқы күндері-ақ бұл анықталуы мүмкін. <...> Тағы қайталап айтамын, ұшақ салонына кірген жойғыш элементтерден құтылу қиын, тіпті мүмкін емес десе де болады. Адамдардың да жарақаты ерекше болады, оны да жасыра алмайсың. Мұны ешкім жасырмайды да, себебі қазір бұл процеске қатысы бар тарап тым көп, оның үстіне қаза тапқандар, аман қалғандар бар, – деді Роман Свитан.

Апат орнында. 25 желтоқсан, 2024 жыл. AFP
Апат орнында. 25 желтоқсан, 2024 жыл. AFP

Оның айтуынша, апаттың Ресейден бөтен елде – Қазақстанда болуы әрі ұшақ Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі болғандығы тергеудің ашық өтуіне жәрдемдесуі мүмкін. Сараптаманы халықаралық ұйымдар өткізуі де ықтимал дейді ол.

Роман Свитан ұшақтың апаттан бұрын әуеде бір көтеріліп, бір түскеніне, жылдамдығын бірде азайтып, бірде көбейткеніне де назар аударады.

– Демек басқару жүйесіне, яғни гидрожүйеге зақым келді деген сөз. Гидросұйықтық ағып кетсе не электр аккумуляторлар істен шықса, ұшақты басқару мүмкін болмай қалады. Сондықтан ол осылай бір көтеріліп, бір құлдилайды. Демек бұл басқарудан айырылудың басы десе болады. Оның үстіне сырттан зақым келгенде, яғни зениттік зымыран кешенінің зымырандары атылғанда электр сымдар зақымдануы ықтимал. Сыртқы көздерден, датчиктерден қате мәлімет келіп жатады. Экипаж бен автопилот ұшақты қате мәлімет негізінде туралауға тырысады. Мұның өзі сырттан зақым болғанын растайды, – деді украиндық әскери сарапшы Роман Свитан.

БОЛЖАМ ЖАСАУ "ЭТИКАҒА ЖАТПАЙДЫ"

Қазақстан мен Ресейдің ресми тұлғалары, Azerbaijan Airlines басшылығы әзірге қандай да бір болжам жасау ерте деп отыр.

Қазақстан сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, фотосуреттерге қарап болжам жасау "этикаға жатпайды":

– "Бұл қандай да бір әрекеттің нәтижесі" деп фотосуреттерге қарап тұжырым жасау біріншіден спекуляция, екіншіден негізсіз мәлімдеме болады. Дәл қазір мұндай баға беру меніңше дұрыс емес әрі бұл этикаға жатпайды. Бұл әлдебір адамдар осы жағдайдан пайда көріп қалуға, айталық әрі қарай қоздырып қаралым жинауға тырысып жатқанын айғақтайды. Сондықтан бұл түбірімен қате. Қазір бұған "анау себеп болды, мынау себеп болды" деп бірден айтуға болмайды. Комиссия, сарапшылар жұмыс істеп жатыр, сарапшылар мұның барлығын іс жүзінде қарайды. Содан соң өз тұжырымын жасайды. Бұған қоса, ешбір ел. Әзербайжан да, Ресей де, Қазақстан да ақпаратты жасырып қалуға мүдделі емес. Барлық ақпарат қоғамға жеткізіледі. Мұнда ешкімнің күмәні болмауы керек. Мамандардың тұжырым жасап, оны халыққа жеткізуіне мүмкіндік беруіміз керек, – деді Әшімбаев сенат кулуарында.

Қазақстан үкіметі құрған апат себебін анықтау жөніндегі комиссия жетекшісі, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев та мұның алдында осындай пікір айтқан.

"Мерзімінен бұрын мәлімдеме жасай алмаймын. Тиісті жұмыс пен сараптама жүргізетін мамандар бар", – деген еді ол.

Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының басшысы Самир Рзаев Бакуда журналистерге берген сұхбатында осындай пікір айтты.

– Қандай да бір гипотезаны талқылауға тым ерте. Жан-жақты тергеу жүріп жатыр, бұл зерттеудің нәтижесін күтуіміз керек, – деді Рзаев.

Оның айтуынша, ұшақтың қара жәшігі табылып қазір оны зерттеу процедурасы жүріп жатыр.

– Конвенциялар мен халықаралық нормалар бар, біз сол процедураларға бағынып, кодтауды бастаймыз. Барлығы содан кейін анықталады, – деді Рзаев.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың комментариі де осымен үндес шықты. Тергеу аяқталғанша апат себептеріне байланысты гипотеза жасауға болмайды деді ол. Мәскеудегі брифингте айтқан Песковтың сөзін "Интерфакс" агенттігі таратты.

«Тергеу қорытындысы шыққанға дейін қандай да бір гипотеза жасау жаңсақтық болар еді. Біз, әрине, олай жасамаймыз, ешкім олай істемеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күту керек" деді Песков.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG